Ескерткіш Екпін ауылдық округіне қарасты Төменгі Ақбаз қыстауынан 120 м оңтүстікте, Катон аңғарының солтүстік бөлігінде орналасқан. Қорымнан шығысқа қарай солтүстік–оңтүстік бағытында Нарын өзені ағып өтеді, қорым осы өзеннің батыс жағалауында орналасқан. Қорым бірнеше нысаннан тұрады. Солтүстіктегі алғашқы нысан - дөңгелекке жуық қорған. Оның жайпақ үйіндісі орташа көлемдегі тау тастарынан құралған. Қорған қатты шымданған, тонау іздері анық байқалмайды. Нысан Нарын өзенінің екінші жайылма үсті террасасының дәл жиегінде орналасқан, уақыт өте келе опырылып құлау қаупі бар. Қорғанның диаметрі 40 м, биіктігі шамамен 1,20 м. Үйіндінің сыртқы жиегі бойында тік орнатылған тақта тәрізді тастардан құралған крепида тіркеледі. Крепиданың сақталу деңгейі нашар. Мұндай тақта тастар үйіндінің өзінен де кездеседі, олар крепиданың жылжып кеткен элементтері болуы мүмкін, дегенмен визуалды түрде олардың әдейі солай қаланғаны байқалады. Алғашқы қорғаннан 58 м оңтүстікке қарай, Нарын өзенінің екінші жайылма үсті террасасының шетінен 30 м батыста тағы бір нысан тіркелді. Ол тас үйінді түрінде. Шеттерінде бірінші нысанға ұқсас крепида элементтері байқалады. Нысанның орталық бөлігінде деформацияланған құрылым бар, бұл да крепиданың жылжыған элементтері болуы мүмкін. Қазіргі күйінде нысан төртбұрышқа жуық қоршауға ұқсайды. Диаметрі 18 м, биіктігі 0,5 м. Орташа шымданған. Көрсетілген бұзылуларға қарағанда, нысан тонауға ұшыраған. Екінші нысаннан 25 м батыста орташа және ірі көлемді тастардан (орташалары басым) құралған тағы бір тас үйінді орналасқан. Орталық бөлігінде ұсақ тастармен толтырылған тас жәшікке ұқсас құрылым байқалады. Үйіндінің периметрі бойынша ірі домалақ тастардан тұратын крепида анық көрінеді. Нысанның диаметрі 10 м, биіктігі 1,20 м. Орташа шымданған, тонау белгілері анықталмады. Аталған нысан Төменгі Ақбаз қыстауына апаратын жолдың батысында, ал қалған нысандар осы жолдың шығыс жағында орналасқан. Қорым соңғы қола дәуіріне жатады.
Тарихи деректер
2011 жылы ескерткіш ЖШС «Археология» тарапынан зерттелді.

