Төкенов Берікқан Рақымжанұлы

Төкенов Берікқан Рақымжанұлы

Төкенов Берікқан Рақымжанұлы (23 мамыр 1973 жыл) – театр және кино актері, режиссер, продюсер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр және кино факультетіне оқуға түсіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұловтың актерлік шеберлік курсында білім алды. 2001 жылы оқу орнын тәмамдап, актер мамандығын игеріп шықты.

Еңбек жолын 2001 жылы Қостанай қаласындағы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Осы театрда 2001 жылдың 1 тамызынан 2014 жылдың 2 қыркүйегіне дейін қызмет атқарды.

2015 жылдың маусым айында Астана қаласында «NAI Production» киностудиясын құрды.

2017 жылдан бастап «Astana Film Academy» киностудиясында бас продюсер қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен «Әли», «Бір келіншек», «Тәлім TREND», «Тамыз», «Менің болашағым», «Жақсы адам» атты жобалар және Bilim Foundation ұйымының әлеуметтік бейнероликтері түсірілді.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Оқушылар сарайы» МКҚК жанынан «I-BALA» театрын ашып, оның жетекшісі әрі қоюшы режиссері болды. Театр сахнасында «Қара шекпен», «Жаралы гүлдер» атты қойылымдарды сахналады.

2019 жылы Алматы қаласында «Almaty Film Academy» киностудиясын ашты. Сонымен қатар 2019–2023 жылдары өнерге бағыт-бағдар беретін Т.Жаманқұлов мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.

Қазіргі уақытта Берікқан Төкенов – «Gasyr Theatre» театрының директорыAlmaty Film Academyшығармашылық орталығының негізін қалаушы. Ол актерлік қызметпен қатар режиссерлік және продюсерлік бағытта еңбек етіп, театр мен кино саласындағы түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асырып келеді.