Нугуманова Хазез Вахитовна

Нугуманова Хазез Вахитовна

Нугуманова Хазез Вахитовна

Нугуманова Хазез Вахитовна 1945 жылы 12 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Семейдің кітапхана техникумын бітірген. Алғашқы еңбек жолын Бородулиха ауданының Зенковка ауылдық кітапханасының меңгерушісі қызметінен бастаған. 1966 жылы Алматы қаласындағы Киров атындағы университеттің сырттан оқытатын бөліміне оқуға түсіп, 1969-1978 жылдары Үржар ауданының Тасбұлақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берген. 1978 жылы Семей қаласына қоныс аударып, Кәсіподақтар кітапханасына аға кітапханашы болып қызметке орналасып, осы жылдың соңында В.Гоголь атындағы облыстық кітапханаға (қазіргі Абай атындағы кітапхана) ауысқан. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қызмет істеген жылдары оқырмандарға ұлттық, әлемдік мәдениеттің жетістіктерін насихаттау, ұлттық өркениеттің құндылықтарын бағалай білуге баулу, өлкеміздегі танымал адамдарының өнегелі өмірін оқырмандарға таныту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырған.

1984 жылы Москвада өткен 1 айлық білім көтеру курсына қатысқан. Осы жылы Кітапханана қорын толықтыру және әдебиеттерді өңдеу бөліміне меңгерушісі болып тағайындалған. Бөлімді басқару барысында кітапхананың қорын әлеуметтік маңызы бар басылымдармен толықтыруға басшылық жасаған. Оқырман сұранысына орай отандық және ресейлік кітап баспаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, кітап қорын сапалы әдебиеттермен толықтыру шараларын жүзеге асырған. Кітапхана қорының дер кезінде маңызды басылымдармен толықтырылып отыруына ықпал еткен.

1994 жылы Мерзімді басалымдар бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, оқырман қауымның сұранысына орай көптеген газет-журналдардың кітапхана қорына түсу шараларын ұйымдастырған. Газет-журналдардың ұзақ уақытқа дұрыс сақталуын қадағалап, басылымдарды жинақ етіп түптету шараларын жүзеге асырды.

Хазез Вахитовна қызмет барысында кітапхананың жұмысын дамытып, кәсіби біліктілігімен, жоғары жауапкершілігімен көзге түскен. «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған.

1998 жылы штаттарды қысқаруға байланысты зейнеткерлікке шыққан.

2025 жылы өзі қызмет еткен Абай атындағы кітапхананың ұжымы көп жылдары кітапхана саласындағы еңбегін бағалап, Қазақстан Кітапханалары Одағының «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісіне ұсынып, марапаттаған.