Амренова Гульмира Фатиховна

Амренова Гүлмира Фатихқызы
Амренова Гүлмира Фатихқызы 1961 жылғы 14 қыркүйекте Семей облысы Жарма ауданы Ақжал кентінде дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы Семей кітапханалық техникумын «Кітапханатану ісі» мамандығы бойынша бітірді. 2007 жылы М.О. Әуезов атындағы Семей университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1980 жылы Семей қаласындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қызмет көрсету бөлімінің аға кітапханашысы болып бастап, кейін әдіскер қызметін атқарды. 1982 жылғы 3 ақпаннан 1988 жылғы 8 тамызға дейін Семей қаласының Ленин аудандық партия комитеті жанындағы партия кабинеті кітапханасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1988 жылғы тамыз айынан 1993 жылғы 23 тамызға дейін Семей қалалық халыққа білім беру бөлімі кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында 1997 жылдың ақпан айынан бастап қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы болып еңбек етті. 2013–2016 жылдары дамыту бөлімінің әдіскері, 2016–2018 жылдары Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директор орынбасары қызметтерін атқарды.
Гүлмира Фатихқызы БҰҰ Даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Ауылдық онлайн-орталықтар» жобасын іске асыруға белсенді қатысты. Облыс кітапханашыларын Microsoft Word, Microsoft Publisher, Microsoft PowerPoint, Microsoft Excel, Adobe Reader бағдарламаларымен жұмыс істеуге, сондай-ақ «ИРБИС» бағдарламасы арқылы кітапхана қорын автоматтандыруға оқытты.
2018–2022 жылдары кітапхана жүзеге асырған «Абай әлемі» атты кітап сериясы жобасына қатысып, туған өлкенің дарынды қаламгерлерінің мәдени және әдеби мұрасын сақтау, жергілікті авторлардың үздік шығармаларын жастар арасында насихаттауға үлес қосты.
Абай кітапханасында қызмет атқарған жылдарында кітапхана ісі мен кітап мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін қала және облыс әкімдерінің, ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының алғыс хаттарымен, Семей қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ «Кітапхана ісінің ардагері», «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгілерінің иегері.
Алматы қаласына қоныс аударуына байланысты 2018–2019 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында әдіскер болып жұмыс істеді. 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласындағы №1 мектеп-интернаты КММ-нің мектеп кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
