Жунусова Айгуль Турсунхановна

Жүнүсова Айгүл Тұрсынқанқызы
Жүнісова Айгүл Тұрсынқанқызы 1964 жылғы 30 қарашада Абай облысы Бесқарағай ауданының Мостик ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, білімге құштар, ізденімпаз жас Айгүл Семей қаласындағы кітапхана техникумына оқуға түсіп, кітапханашы мамандығын меңгереді.
Еңбек жолын 1983 жылы Бесқарағай ауданы Үлкен Владимировка ауылындағы орталық кітапханада суретші-безендіруші қызметінен бастайды. 1989 жылдың қазан айында Семей қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы (қазіргі Абай атындағы) облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға ауысып, кітапханашы ретінде жұмысын жалғастырады. Жалпы кітапхана саласындағы еңбек өтілі – 43 жыл.
Осы жылдар ішінде Айгүл Тұрсынқанқызы түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Алғашқыда оқу бөлімінде суретші-безендіруші болып еңбек етіп, кейін әдістеме бөлімінде аға кітапханашы, мерзімді басылымдар бөлімінде және оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерінде меңгеруші қызметін атқарды. 2016 жылы кітапханада балаларға арналған «Балалар әдебиеті бөлімі» ашылған кезде, осы бөлімнің алғашқы меңгерушісі болып тағайындалып, оның жүйелі қалыптасуына тікелей жетекшілік жасады.
Жүнісова Айгүл Тұрсынқанқызының басшылығымен балалар әдебиеті бөлімінің жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. «Шебер қолдар», «Сиқырлы қылқалам», «Қағаз ғажайыптары», «Құмды арт-терапия» үйірмелері табысты жұмыс істеп, жас оқырмандардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор үлес қосты. Сонымен қатар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-мен бірлесіп, үйде қызмет алатын балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бейнелеу өнері мен қолөнер үйірмелерін ұйымдастырды.
Ол бөлім қорын балаларға арналған жаңа басылымдармен толықтыруға ерекше мән беріп, «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында ҚР Ұлттық электрондық кітапханасының қорын толықтыру жұмыстарына белсене қатысты.
Айгүл Тұрсынқанқызы ұзақ жылғы еңбек жолында өзін жауапкершілігі жоғары, ісіне адал маман ретінде таныта білді. Оның ұйымдастыруымен тақырыптық кітап көрмелері, интерактивті ойындар, танымдық және интеллектуалдық жобалар, түрлі мәдени іс-шаралар жоғары деңгейде өткізіліп отырды. Қаланың жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырды.
Оқырмандармен тез тіл табыса білетін, олардың сұранысына аса жауапкершілікпен қарайтын маман ретінде ерекшеленді. Кітап қорын жүйелеуде УДК мен ББК жіктеу жүйелерін жетік меңгеріп, оқырмандарға әдебиеттерді таңдауда әрдайым кәсіби көмек көрсетті. Өз ісін үнемі жетілдіріп, жаңашылдыққа ұмтылатын, кітапхана жұмысының барлық бағытына белсенді араласатын жан.
Жүнісова Айгүл Тұрсынқанқызының бойынан мейірімділік, ұқыптылық, тиянақтылық, қарапайымдылық пен жауапкершілік секілді асыл қасиеттер айқын көрініс табады.
Еңбегі еленіп, Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Құрмет грамоталарымен, ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған медальмен, сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапатталған.
Жүнісова Айгүл Тұрсынқанқызы – кітапхана саласында өшпес із қалдырған, жас мамандарға үлгі боларлық тәжірибелі де тағылымды тұлға.
