Муканова Замзагуль Төлтаевна

Муканова Замзагуль Төлтаевна

Мұқанова Зәмзәгүл Төлтайқызы

Зәмзагүл Төлтайқызы — Абай облысы мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан білікті кітапханашы, библиограф.

Мұқанова Зәмзәгүл Төлтайқызы 1964 жылы 14 ақпанда Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қос-ағаш ауылында дүниеге келген.
1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық институтын «библиограф-кітапханашы» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 1985 жылы Шұбартау орталықтандырылған кітапхана жүйесінде бастаған. 1986–1994 жылдар аралығында «Алғабас» ауылындағы Т.Есімжанов атындағы орта мектептің кітапханасында кітапханашы қызметін атқарды.1995–2013 жылдары Абай атындағы әмбебап кітапхананың Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде кітапханашы болып еңбек етті.
2015 жылдан бастап Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» КММ-нің Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінде библиограф, кейін бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

Зәмзәгүл Төлтайқызы — кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман. Ол оқырмандардың оқу бағдарламаларына, ғылыми және кәсіби сұраныстарына сәйкес жедел әрі сапалы ақпараттық қызмет көрсетуді жолға қойған. Кітап қорының сақталуы мен тиімді ұйымдастырылуына ерекше мән береді.

Өз қызметінде инновациялық әдістерді кеңінен қолданып, өлке тарихы, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізді. «Семей аймағында аталып және еске алынатын күндер», «Семейдің ақын-жазушылары», «Семейдің тарихи-мәдени орындары», «Семей дәрігерлері», «Семей сазгерлері», «Семей: кеше және бүгін» сынды бірқатар био-библиографиялық құралдарды құрастырып, жарыққа шығарды.

Кітапхана сайтына «Семей әкімдері», «Алаш арыстары», «Семейлік Кеңес Одағының батырлары», «Ауған жауынгерлері», «Спортшылар» сияқты танымдық айдарларды енгізіп, мазмұндық тұрғыда толықтырды.
Тарихи-өлкетану музейі, Абай атындағы әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Жаңа заман тарихи құжаттама орталығы және өзге де мекемелермен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, өлкетану бағытындағы оқулар мен мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болып келеді.

Еңбегі еленіп, 2011 жылы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хатымен,
2015 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың грамотасымен, 2018 жылы «Мәдениет саласының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен, 2023 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.

2025 жылдың ақпан айынан бастап зейнеткерлікте.