Бертісов Жігер Талғатұлы

Бертісов
Жігер Талғатұлы – күйші-орындаушы, өнертану ғылымының магистрі.
1985 жылғы
15 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында дүниеге келген.
1995–2002
жылдары Еркеғали Рахмадиев атындағы саз мектебінде домбыра сыныбында білім
алып, ұстаздары Әлемсейтова Бақтыбалы Қабиқызы мен Кебиспаева Марияш
Хасенғазықызынан тәлім алады.
2003 жылы
Абай атындағы орта мектеп-лицейін бітіріп, сол жылы Құрманғазы атындағы Қазақ
ұлттық консерваториясының дайындық бөліміне оқуға түседі. Мұнда Қазақстан
Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші-профессор Ысқақов Біләл
Алпанұлының класына қабылданады.
2005 жылдан
бастап аталған оқу орнының негізгі бөлімінде білімін жалғастырып, 2009 жылы
«Ұстаз және концерттік орындаушы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Оқу барысында
шертпе күй шебері Ахат Байбосыновтан Арқа күйшілік мектебінің өкілі Тоқа
Шоңманұлының күй мұрасын меңгереді.
2009–2011
жылдары фольклорлық-этнографиялық «Сазген
сазы» ансамблінің артисі әрі жеке орындаушысы болып қызмет
атқарады.
2011–2014
жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы
факультеті, домбыра кафедрасында оқытушы болып еңбек етеді.
Қазіргі
уақытта Астана қаласында белгілі күйші Ахат Байбосыновпен бірлесіп ғылыми
бағытта жұмыс жүргізіп, жас шәкірттер тәрбиелеуде.
Күйші-орындаушы ретінде дәстүрлі
музыка фестивальдері мен республикалық тележобаларға белсенді қатысып келеді.
Атап айтқанда, «Қазақстан» ұлттық
арнасындағы «Дала думан», «Күй тартыс», «Ғасырлар үні»,
сондай-ақ «Хабар» арнасындағы «Алтыбақан»,
«Ғасырлар пернесі» тележобалары арқылы күйшілік өнерді кеңінен насихаттап жүр.
2018 жылы Жігер Бертісовтың «Серпін» атты хрестоматиялық оқу
құралы жарық көрді.
Тәттімбет
Қазанғапұлы, Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков атындағы республикалық байқаулардың
лауреаты.
2019
жылы «Күйшілер одағының» мүшелігіне
қабылданған. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс
хаттарымен марапатталған.
