Абуғазин Қанат Қазенұлы

Абуғазин Қанат Қазенұлы

Өмірбаян
 
Абуғазин Қанат Қазенұлы 1967 жылы Абай облысы, Ақсуат ауылында дүниеге келдім.
             1985-89 жж. Талдықорған облысының Сарқант қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, оқу орнын көркемөнерпаздар үйірмелерінің ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша, 2020 жылы Семей қаласы Шәкәрім атындағы университеттің музыка факультетін бітірдім.
            1990-2001 жж. аудандық мәдениет үйінде Б.Саятүлеков атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, 2001-2013 жж Сасан би,  Ю.Гагарин,  № 2 Ақсуат орта мектептерінде музыка жетекшісі және ән-күй пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, жас ұрпаққа музыкалық білім беруде жетістіктермен еңбек еттім. 2014 жылдан Ақсуат мәдениет үйінде Ә.Мағзұмов атындағы «Сұлу саз» халықтық фольклорлық ансамблінің және «Бабалар сазы» халықтық этно ансамблінің көркемдік жетекшісімін.
Кәсіби маман ретінде оркестр мен ансамбль репертуарын жаңа шығармалармен толықтыруда еңбек сіңірген шығармашылық иесі ретінде бағаланып келемін. Қазақтың ұлттық және көне аспаптары /жетіген, домбыра, қыл қобыз, шертер, үш ішекті домбыра/ сияқты аспаптарды үйретуші және насихатшысымын.
Халықтық өнер ұжымдарының әртүрлі жанрдағы шығармаларды дирижерлау, партитуралар жазу, шығармалардың мәнін ашу, орындаушылық шеберлікті жетілдіруді шығармашылық тұрғыда игере білетін маманмын. Арқа, Батыс, Жетісу өңірі музыкалық шығармалары мен бірге «Алтай-Тарбағатайдың» ән-күй мектептерінен халық күйі «Бұлғын сусар», «Қара жорға», «Үш теке» т.б көне жәдігерлерді қайта жаңғыртуға жұмыс жасап келемін.  
            2014 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі,  Құрманғазы атындағы академиялық мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің Алғыс хаты, балалар шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін, 2014 жылы І-ші Халықаралық балалар фестивалі /көркемдік жетекшілігі үшін/ Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» атты VІІ-ші Халықаралық конкурстың дипломы, 2016 жылы ШҚО әкімінің Алғыс хаты, 2017 жылы аудан әкімінің Құрмет грамотасы, «Жаһандағы Қазақстан мәдениет» жобасына қатысқаны үшін 2018 жылы Иран Ислам Республикасы Тегеран әкімшілігінің Алғыс хаты, қазақтың көне ұлттық аспаптарын шетелдерге насихаттаудағы шығармашылық еңбегі үшін 2019 жылы Түркия мемлекеті, Бурса қаласы Ұлы-Дағ университеті ректорының Алғыс хатымен, Өзбекстан мемлекеті Самарқанд қаласында ХІІ Халықаралық «Шарк тароналари» музыка фестиваліне қатысып Алғыс хатпен, 2018 жылы Сегіз Серінің 200 жылдығына арналған Республикалық «Гауһартас» оркестрлер мен ансамбльдер фестивалінде лауреат атанып, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.
 2025 жылы Францияның Иль-де-Франс әкімшілік аймағына қарасты Валь-д Уаз департаментінде Париждегі Қазақстан елшілігі және «Абай» атындағы орталықтың ұйымдастырған «Наурыз» тойына қатысып, Париж төрінде өнер көрсетіп қайттық. 2025 жылы сәуір айында «Бабалар сазы» халықтық этно ансамблінің құрамында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы шығармашылық ұжымдарының республикалық фестиваліне қатысып, «Халық аспаптары» номинациясымен марапатталдық.           
2022 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, 2025 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгісінің иегері атандым.