Серікзат Дүйсенғазы

Серікзат Дүйсенғазы
Серікзат Дүйсенғазы – ақын, айтыскер, ғалым, аудармашы, мәдениет қайраткері. Ол әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклін қазақ тіліне аударып, аталмыш туындының қазақ сахнасында қойылуына жол ашып, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытуға елеулі үлес қосты.
Серікзат Дүйсенғазы - 1974 жылы 8 желтоқсанда Абай облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Тарбағатай ауылындағы «Октябрь» орта мектебін бітірді. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бакалавр дәрежесі бойынша тәмамдап, 1999 жылы осы университетте әдебиеттану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Студенттер клубы директорының орынбасары, директоры (1999–2001), Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы директорының орынбасары (2001–2002) қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы.
2008 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Қазақ радиосы», «Қазақ әдебиеті» газеті бірлесіп өткізген «Бір өлең – бір әлем» республикалық жыр мүшәйрасында ІІ орын, 2012 жылы Астана қаласының Қала күніне арналған жыр мүшәйрасында І орын иеленді.
Ғылыми салада халықаралық және республикалық басылымдарда ондаған ғылыми мақала, монографиялар мен оқулықтар жариялаған. Айтыс өнерінде бірнеше республикалық аламанда бас жүлде иеленіп, қазақ айтысын шетелдерде насихаттаған. Жазба поэзияда бірнеше жыр жинақтың авторы, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді «МузАРТ», «Жігіттер» тобы, Мақпал Жүнісова және өзге де танымал әншілер орындайды. Шығармашылық кештері республикалық телеарналардан көрсетілген. Өлеңдері жас ақындар антологиясына еніп, «Жалын», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттерінде жарияланған.
