Республика сарайында Секен Тұрысбектің мерейтойлық шығармашылық кеші.

Республика сарайында Секен Тұрысбектің мерейтойлық шығармашылық кеші.

Республика сарайында Секен Тұрысбектің мерейтойлық шығармашылық кеші өтті 


Бүгін Абай облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласындағы Республика сарайында қазақтың көрнекті өнер қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбектің шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті. Ұлттық өнердің терең мазмұны мен күй құдіретін құйқылжыта танытқан кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. 


Кеш барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Секен Тұрысбектің 65 жасқа толған мерейтойына арнайы жолдаған құттықтау тілегін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан оқып табыстады. 


Секен Тұрысбек сахна төрінде өзі жетекшілік ететін Әміре Қашаубаев атындағы Абай облыстық филармониясының өнерпаздарымен және «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрімен бірге өнер көрсетіп, халық жүрегінен орын алған күйлері мен музыкалық шығармаларын орындады. Кеш аясында ұлттық музыка мен классикалық өнер үйлесім тапқан мазмұнды концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.


Шығармашылық кешке арнайы қонақ ретінде қазақ эстрадасының танымал әншісі Мейрамбек Беспаев пен өнерпаз Ғазизхан Шекербеков қатысты. Сонымен қатар, мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан, «Парасат» орденінің иегері Гүлдана Ноғайбаева, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Сырым Шонбаев, Жарқыннұр Ержанат, Дильназ Мукашева, Маржан Ержанқызы, Тоқтар Нұрмолдаев, Нұрлыхан Рахымжан, Таңат Мұқаш, Айғаным Шұғай және Мұратбек Раманкулов күйші-композитордың шығармаларын орындап, кеш мазмұнын байыта түсті.

Оркестрлерге «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кенжегүл Ақшекина мен республикалық байқаулардың лауреаты, дәулескер домбырашы Әділет Серіков жетекшілік етті.


Кеш Секен Тұрысбектің халық арасында кең танылған «Көңіл толқыны» күйі мен көрерменнің ыстық ықыласымен қорытындыланды.