Абай Құнанбайұлының усадьбалық кешені (Абайдың музей-үйі, Абайдың жерленген орны), 1894-1904 жылдар

Абай Құнанбайұлының усадьбалық кешені (Абайдың музей-үйі, Абайдың жерленген орны), 1894-1904 жылдар
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЕСКЕРТКІШТЕРАбай ауданы, Кеңгірбай би ауылы, Жидебай шатқалы
Абайдың мұрасын насихаттауға арналған архитектуралық кешен ауқымды аумақты алып жатыр және үй-музей мен мемориалдық кешеннен тұрады. Кешеннің орталығында — тік төртбұрышты, бір қабатты, қашалған тастан қаланған, тас іргетасқа тұрғызылған, жабық тік төртбұрышты верандасы бар қайта қалпына келтірілген құрылыс орналасқан (өлшемі 23 х 28 м, биіктігі 5,3 м). Ғимараттың ішкі құрылымы 5 бөлме мен 2 дәлізден тұрады. Екі сыртқы фасады сыланып, әктелген, қалған қабырғалар мен веранда сыланбаған. Терезе ойықтары доғал аяқталған аркалы пішінде, симметриялы орналасқан, қаптамалары қарапайым, сыртқы жармалары жоқ; артқы фасадтағы терезелер – шаршы пішінді. Кіреберіс топ ішкі аулаға бағытталған, екі жақты металл шатырмен жабылған есік ойығымен, декоративті шекімелі элементтерімен және екі баспалды тас сатысымен көркемделген. Шатыры төрт еңісті, жалпақ, алты мұржасы бар, ағаштан жасалған оюлы карнизбен сәнделген. Веранда да осы үлгіде безендірілген. Ғимараттың айналасы бетон төсемемен қоршалған, ауласына тротуар плиткасы төселіп, көгалдандырылған. Кіреберістің оң жағында Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылған. Верандада келушілерге арналған орындық пен жергілікті тұрғындардың естеліктері негізінде қалпына келтірілген музей экспонаттары қойылған. Үй-музейдің айналасы – сыланған тік төртбұрышты тас бағандар мен сәнді металл торлардан тұратын, тас іргетасқа орнатылған шарбақпен қоршалған. Екі сәндік қақпасы бар.